×

“Ең тиімсіз, ең қисынсыз шешім қабылданды”: Аймағамбетов білім бюджеті қайтадан аудандарға өтетіні туралы

Даурен Омаров 03.06.2026 | 20:44
“Ең тиімсіз, ең қисынсыз шешім қабылданды”: Аймағамбетов білім бюджеті қайтадан аудандарға өтетіні туралы
facebook.com/askhat.aimagambetov/

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім бюджеті мен саясатын аудандық деңгейге түсіру – ең тиімсіз, ең қисынсыз шешім екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.

“Бүгін білім саласына қатысты ең тиімсіз, ең қисынсыз шешімдердің бірі қабылданды деп есептеймін. Дауыс берілді, құжат Сенатқа жолданды. Бірнеше апта бұрын бұл мәселені ашық талқыладық. Қызу пікірталас болды. Алайда, сарапшылардың аргументтерін тыңдамай, ешқайсын ескермей, 4 миллионнан астам баланың тағдырына тікелей әсер ететін, тіпті, теріс әсер ететін құжатты басым дауыспен қабылдап жіберді. Әңгіме мектептер мен балабақшаларды басқару, білім саясаты мәселесі туралы. Бұған дейін ол облыстық білім басқармаларының, облыс әкімдіктерінің құзыретінде болса, енді оның барлығы аудандық әкімдіктерге берілмек”, - деді депутат.

Оның айтуынша, білім саласының сарапшылары әу баста мектеп-балабақшалардың шаруашылық мәселелерін ғана аудандық деңгейге түсіруді ұсынған. Бірақ олардың пікірі ескерусіз қалған. 

“Біздің ұсынысымыз басқаша еді. Компромисс табуды ұсындық. Егер аудан әкімдеріне шаруашылық мәселелерді - жөндеу жұмыстарын, материалдық-техникалық базаны, ғимараттарды күтіп ұстауды берсе, оны түсінуге болатын еді. Бірақ енді аудан әкімдеріне білім бөлімдерін басқару, мектеп директорларын тағайындау, оларды ротациялау, әдістемелік жұмыстар, білім сапасына қатысты мәселелер, кадр саясаты, бәрі беріліп отыр. Бастапқы талқылауда мәселе бұлай қойылмаған. Бірақ соңғы шешім мүлде басқа болып шықты. Яғни барлық өкілеттік, оның ішінде әдістеме, сапа және кадр мәселелері де аудан деңгейіне түсірілді”, - деді Асхат Қанатұлы.

Мәжіліс депутаты қабылданған бүгінгі шешімнің салдарына алаңдап отыр. 

“Ертең бұл неге алып келеді? Сонда біз облыс әкімдеріне сенбейміз бе? Осы саланы жақсы білетін облыстық білім басқармаларына сенбейміз бе? Мысалы, бақылау тұрғысынан қарасақ, 20 бюджетті қадағалау оңай ма, әлде 220 бюджетті қадағалау оңай ма? Ертең директорларды тағайындау қалай жүреді? Олардың ротациясы қалай жүзеге асады? Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау мәселесі қалай шешіледі? Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері күшеймей ме? Бұрынғыдай мұғалімдерді түрлі шараларға, жиналыстарға, “массовкаға” мәжбүрлеп қатыстыру тәжірибесіне қайта оралып кетпейміз бе? Тағы бір мәселе, өңірлердің қаржылық мүмкіндігі әртүрлі. Кейбір аудандар дотацияға тәуелді. Бюджеті жеткіліксіз. Ертең білім сапасы әр ауданның қаржысына қарай өзгеріп кетпей ме? Оқулық тапшылығы қайталанбай ма? Мұғалімдердің жалақысы мен әлеуметтік төлемдеріне қатысты мәселелер туындамай ма? Бір кездері еңбек демалысына шыққан мұғалімдердің ақшасын уақытында ала алмай жүргенін ұмытып кеттік пе? Осындай тәуекелдердің бәріне кім жауап береді? Ең бастысы, мұндай жағдайлардың қайталанбайтынына қандай кепілдік бар?” – деп ашынды Асхат Қанатұлы.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс қабырғасында депутаттар “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” заңы жобасы білім бюджетін аудандық деңгейге түсіру мәселесі қаралған болатын.