×

"Ойымның емес, сөзімнің келте болғанын мойындаймын" - Азат Перуашев "штрафстан" туралы

Даурен Омаров 03.06.2026 | 23:50
"Ойымның емес, сөзімнің келте болғанын мойындаймын" - Азат Перуашев "штрафстан" туралы
akzhol.kz

“Ақ жол” партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сынынан кейін «Штрафстан» деген сөзіне қайтадан түсініктеме берді, деп хабарлайды AdalAdam.kz тілшісі.

Журналист депутат Перуашевтан Мемлекет басшысының мәлімдемесі тектен-тек жасалмағанын айта келе, оның астарында қандай саяси сигнал жатқанын сұрады. Сонымен қатар, ол өз сұрағында Тоқаевтың бұған дейін «бұрынғы бір министріміз бауырлас көрші мемлекеттің азаматтарын келеке қылды» деп Арыстанбек Мұхамедиұлын сынағанын, ал бұл жолы «Штрафстан» сөзін қолданған депутаттарды атап өтіп, олардың «ойының келтелігін көрсете берсін» дегенін еске салды.  

Азат Перуашев Президенттің ескертуімен келісетінін айтты. Бірақ оның астарынан саяси “сигнал” іздемейтінін жеткізді.   

«Президенттің ескертуімен келісемін. Біз мінбеден дөрекі сөзбен емес, мәдениетті әрі ресми сөйлегеніміз дұрыс. Мемлекет басшысының бірінші ескертуінен бері бұл сөзді мен де, әріптестерім де қолданған жоқ. Президенттің сөзінен сіз айтқандай, саяси із іздемейтін едім. Президентіміз өз өмірін, өз күшін, өз рухын әділетті, өркениетті мемлекет құруға арнап жүр. Осындай кезде біреу орынсыз сөз айтса, әрине ерекше қабылдайды. Расында сол сөзді қолданғанымыз орынсыз болды. Бізге үлкен сабақ болды», – деді депутат.

Сонымен қатар тілші Перуашевтен Президенттің «ойының келтелігі» туралы сөзіне қатысты нақтылап сұрады.

«Демек, ойыңыздың келте болғанын мойындайсыз ба?» деген сұраққа депутат:

«Ойым емес, сөзім келте болды», – деп жауап берді.