×

Шымкент әкімдігі Арай Есенбекке "ақша ұсынған" видеодағы азаматтардың қызметіне қатысты жауап берді

Даурен Омаров 01.07.2026 | 13:07
Шымкент әкімдігі Арай Есенбекке "ақша ұсынған" видеодағы азаматтардың қызметіне қатысты жауап берді
Коллаж: Ertenmedia.kz

Шымкент қаласы әкімдігі журналист Арай Есенбектің қатысуымен түсірілген бейнежазбада аты аталған азаматтардың қызметіне қатысты ресми жауап берді. Бұл туралы Adaladam.kz сайтының сауалына жолданған жауапта айтылған.

Әкімдік мәліметінше, Жанна Арыстановна Байсейітова 2024 жылғы 5 ақпаннан бастап Шымкент қаласы әкімінің ақпараттық мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарады.

Ал Мейірбек Дарханович Төлебаев қазіргі уақытта «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қалалық ортаны әлеуметтік дамыту департаментінің менеджері болып жұмыс істейді.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде журналист Арай Есенбектің қатысуымен түсірілген бейнежазба тараған болатын. Видеода Шымкент қаласы әкімдігіне қатысы бар делінген екі адамның журналистке қара пакетке салынған ірі көлемдегі ақшаны ұсынғаны көрінеді.

Осыған байланысты Adaladam.kz редакциясы Шымкент қаласы әкімдігіне олардың әкімдікке қатысы және оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізілген-жүргізілмегені жөнінде ресми сауал жолдаған еді.

Алайда әкімдік жолдаған жауапта қызметтік тексерудің жүргізілгені немесе жүргізілетіні туралы сұраққа жауап берілмеген.