×

Қазақстанның IT-экспорты жеті жылда 38 есе өсті

Даурен Омаров 24.09.2026 | 18:02
Қазақстанның IT-экспорты жеті жылда 38 есе өсті
ЖИ

Қазақстанда 2019–2026 жылдар аралығында цифрландыру саласының негізгі көрсеткіштері айтарлықтай өсті, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Жеті жылда еліміздің IT-экспорты 38 есе артып, 30 млн доллардан 1,142 млрд долларға жеткен. Оның ішінде Astana Hub көрсеткіші 633 млн долларды құрайды. Ал ғарыштық технологиялар экспорты нөлден 70 млн долларға дейін өскен.

Интернетпен қамтылған халықтың үлесі 84%-дан 98%-ға жетті. Интернеттің орташа жылдамдығы 21 Мбит/с-тан 88–94 Мбит/с-қа дейін артқан. Елде 5G байланысын енгізу жұмыстары да жалғасып жатыр.

Мемлекеттік қызметтердің цифрландырылған үлесі 80%-дан 91%-ға өсті. Цифрлық мемлекеттік қызметтердің 96%-ын смартфон арқылы алуға болады.

Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі де айтарлықтай артқан. Жеті жылда көрсеткіш 14 есе өсіп, 13,3 трлн теңгеден 186,3 трлн теңгеге жетті.

Ал БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде Қазақстан 193 елдің арасында 39-орыннан 24-орынға көтеріліп, 15 сатыға ілгеріледі.

Бұл көрсеткіштер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен 2019–2026 жылдары жүргізілген цифрлық трансформацияның нәтижелері ретінде келтіріліп отыр.