ІІМ: Қазақстанда ең жиі бұзылатын жол ережелері белгілі болды
ҚР Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерін атады, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Ведомствоның мәліметінше, еліміздегі жол апаттарының негізгі себептері – жылдамдықты асыру, жол беру талабын сақтамау, қарсы жолаққа шығу, маневр жасау ережесін бұзу, сондай-ақ мас күйде, шаршаған жағдайда немесе телефон пайдаланып көлік жүргізу.
Сонымен қатар жүргізушілер жиі бұзатын жол ережелері де аталды. Олардың қатарында қызыл шамға өту, қауіпсіздік белдігін тақпау, жол белгілері мен таңбаларын елемеу, жаяу жүргіншіге жол бермеу және көлікті дұрыс тұраққа қоймау бар.
ІІМ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілетінін атап өтті.
«Ішкі істер органдарының басым міндеттерінің бірі – ел жолдарында азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, оны іске асыру үшін жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған ұйымдастырушылық, практикалық және құқықтық шаралар кешенін қабылдау», – делінген министрлік жауабында.
Министрлік мәліметінше, елімізде «Қауіпсіз жол», «Жолдағы қабылдау», «Автобус», «Назар аударыңыз жаяу жүргінші!», «Мас жүргізуші» сияқты жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп келеді.
Жол қозғалысын бақылауға заманауи технологиялар да кеңінен тартылған.
«Қазір дрондар өңірлік Полиция департаменттерінде кеңінен пайдаланылады», – деп хабарлады ІІМ.
Сондай-ақ еліміз қалаларында 25 мыңға жуық автоматты бейнекамера жұмыс істейді.
«Камералар жол жүрісі қағидаларын бұзудың 70%-ын анықтайды», – делінген ресми жауапта.
Бұдан бөлек, «Qorgau» жүйесі арқылы жалған мемлекеттік нөмір тағылған көліктер, сондай-ақ көлік жүргізу құқығынан айырылған немесе жүргізуші куәлігі жоқ адамдардың рөлге отыру фактілері анықталып, жолы кесіліп жатыр.
ІІМ жол қауіпсіздігін арттыру бағытындағы заңнамалық және практикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.